Қазақстан Республикасының Президенті — 10.01.2018
Қазақстан Республикасының Президенті
Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.
2018 жылғы 10 қаңтар
Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы
дамудың жаңа мүмкіндіктері
Құрметті отандастар!
Біз әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрдық. 2017 жылы біздің ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. 2018 жылдың қаңтар айында оған төрағалық етудеміз. Біз дүниежүзілік ЭКСПО мамандандырылған көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасындағы бірінші мемлекет болдық. Қазақстанда табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделі қалыптасты. 2017 жылы еліміз әлемдік дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті. Жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 процент болып, ал өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7 проценттен асты. Бұл орайда, өнеркәсіптің жалпы көлемінде өңдеуші сектордың үлесі 40 проценттен асып түсті. Қазақстанның қолайлы дамуы орта таптың қалыптасуына мүмкіндік берді. Кедейшілік 13 есе қысқарып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентке дейін төмендеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім.
1 | Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.
Оның нәтижелері мұнай бағасы күрт төмендеген 2014-2015 жылдардағы дағдарыста негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі болды. Сол себепті жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағдарымыз өзгерген жоқ. Сонымен қатар индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс. Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет. |
2 |
Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту. ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады. Бірақ шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек. Кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу қажет. Кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керек. |
3 |
«Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі. Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді. Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек. Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс. |
4 |
Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру. Бүгінде Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды коридор өтеді. Заманауи шешімдер логистиканың барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. «Үлкен деректерді» (Big data) пайдалану сапалы талдауды қамтамасыз етуге, өсімнің резервін анықтауға және артық шығынды азайтуға жағдай туғызады. Осы мақсаттар үшін Интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажет.Бұл жүйе көлік ағынын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін анықтауға жол ашады. |
5 |
Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу. Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқасында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрден асты. Тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеуде. Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек.Осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек. |
6 | Қаржы секторын «қайта жаңғырту».
Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік береді. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездету қажет. Сонымен қатар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық займдар жөніндегі мәселені Ұлттық Банкке толығымен шешуді тапсырамын. Сол күннен бастап аталған валюталық займдарды жеке тұлғаларға беруге заң жүзінде тыйым салынған болатын.Ұлттық Банк пен Үкімет экономика салаларындағы нақты тиімділікті есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақ мерзімді несиелендіруді қамтамасыз ету мәселесін бірлесіп шешуге тиіс. |
7 | «Адами капитал – жаңғыру негізі»
Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет.Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады.Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. |
8 | «Тиімді мемлекеттік басқару»
Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет. Осыған орай бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдату керек. «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтерінің сапасын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. |
9 | «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі»
Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Көп жұмыс істеліп жатыр. Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді. Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді |
10 | «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін
2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет. Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды. |